Гонконгта Хан-Сен индексі 4 пайызға, ал Оңтүстік Кореяда Коспи көрсеткіші 3 пайызға төмендеді. Ал Жапонияда Никкей-225 индексі 1,3 пайызға төмендеген. Ал Қытайдың 2-ші ірі биржасы орналасқан Шанхайда да құлдырау байқалады.
Сингапур биржасындағы акция бағамдарының төмендеуі 3,7 пайыз, ал Тайваньда 2,6 пайызды құраған. Биржалардағы мұндай жағдай инвесторлардың құнды қағаздарға деген сенімсіздігі себеп болып отыр. Дегенмен, Азия елдерінің экономикасына ықпал еткен басты жайт - АҚШ-тың кредиттік рейтингінің төмендеуі екені белгілі. Өткен демалыста әлемнің қаржы саласындағы сарапшылары экономикалық ахуалды жақсарту жолдарын іздестіре бастаған. Атап айтқанда, «Үлкен Жетілік» елдерінің қаржы министрлері бірлескен мәлімдеме жасап, экономикалық тұрақтылық пен өсімді сақтап қалу жолында кез-келген ұйымдасқан әрекетке баратындарын хабарлады. Ал, Еуропалық Орталық банк, қаржылық дағдарысқа батып бара жатқан Испания мен Италияның бондтарын сатып алу бағдарламасын қолға алды.
Фрэнсис Люн, экономикалық сарапшы:
- «Өткен жұма күні соңғы жылдардағы ең терең құлдыраудың бірін бастан кешірген болатынбыз. Сол күні Азия биржаларындағы төмендеу 4-5 пайыздың төңірегінде еді. Ал бүгін 1-3 пайызды көрсетіп отыр. Инвесторлардың болашаққа деген үміті әлсіз. Мұның өзі АҚШ рейтингінің төмендеп қалуынан емес, жалпы алғанда АҚШ пен Еуропадағы экономикалық тоқыраудың салдарынан болып отыр.»